«Рухани шалқу» поэтикалық кеші

2025 жылдың 6 сәуірінде Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен ақын Серік Ақсұңқарұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Руһтың шалқуы» атты поэзиялық кеш өтті.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы — поэзия әлеміндегі өзіндік үні бар ірі тұлға.

Кеш шымылдығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылып, еліміздің жоғары лауазымды тұлғаларынан арнайы құттықтаулар мен сый-сияпаттар табысталды.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ақынды «Құрметті профессор» атағымен марапаттады.

Кеште еліміздің көрнекті ақындары мен зиялы қауымы жыр оқып, сыр шертіп, ақын шығармашылығына арналған әндер орындалды.

Қонақтар қатарында танымал Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Дәулеткерей Кәпіұлы, Мерей Қарт сынды әдебиет майталмандары болды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Жазушылар одағы атынан «Құрметті жазушы» төсбелгісін табыс етті.

Кеште театр әртістері мен өнер шеберлері, жас орындаушылар сахна көркін аша түсті. Шығармашылық нәзік сезімдермен иірім тапқан Серік ақынның лирикалық сөзіне жазылған «Сарыарқам менің», «Балқантау аққулары», «Шайтанкөл», «Қарағанды вальсі», «Үш тауым-ай», «Өмір деген—Күнді айналу», «Есіл мен Нұра» әндерін Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің солистері шырқады, М.Күземханов, С.Мукушева, Қарағанды Гуманитарлық колледжінің хоры «Мәңгілік Ел» әндерін орындады, қаламдас інісі Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Мирас Асан кеш иесіне арнауын жеткізді.

Бұл кеш – рухтың салтанаты, сөздің мерекесі болды.

Кештің жарқын сәттерін фотосуреттерден тамашалаңыздар!

Iс-шаралар

Меню