Алматы қаласында материалдық емес мәдени мұраны сақтау және ілгерілетуге арналған республикалық дөңгелек үстел өз жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Екі күнге жоспарланған жиын ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Конвенциясын іске асыру барысын бағалауға бағытталып, сала мамандары мен сарапшыларды біріктірді. Негізгі мақсат – атқарылған жұмыстардың нәтижелерін саралап, алдағы даму бағыттарын айқындау.
Алғашқы күні қатысушылар Ұлттық тізімге енгізу рәсімдерін жетілдіру, заңнаманы жаңарту, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұра элементтерін сақтау, дамыту және насихаттау мәселелерін талқылады. «Қазақстанның тірі мұрасы» тақырыбы аясында халықаралық деңгейде ілгерілету және дамыту жолдары қарастырылды.
Ұлттық құндылықтарды сақтау – болашаққа аманат.
Келесі күні облыстық деңгейдегі басшыларға арналған жабық оқыту семинары ұйымдастырылды. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерімен қатар музейлер, кітапханалар және зерттеу институттарының мамандары қатысты. Семинар барысында материалдық емес мәдени мұра элементтерін жергілікті деңгейде анықтау, дамыту және насихаттау жолдары талқыланып, үздік тәжірибелер ұсынылды.
Күннің екінші бөлігінде ЮНЕСКО техникалық грантын іске асыру бойынша орта мерзімді бағалауға арналған басқарушы комитеттің отырысы өтті. Жиын аралас форматта ұйымдастырылып, пилоттық өңірлер офлайн, ал өзге қатысушылар онлайн қосылды.
Екі күндік талқылаулар қорытындыланып, алдағы жұмыстарға қатысты нақты ұсыныстар айтылды.




























