23 қазан күні Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының ғимаратында Қазақстан Республикасының Республика күніне және Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған өңір жұртшылығының салтанатты жиыны мен мерекелік концерті өтті.
Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізу және Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды.
Жиында облыс әкімі Ермағанбет Қабдоллаұлы Бөлекпаев құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес мемлекеттік наградалар табыстады.
Марапатталған азаматтар қатарында Бағдат Кәкімов, Байқара Сәдуақасов, Алтай Елжасов, Сүлеймен Жұмабеков, Шайза Нукина, Савет Сағынтаев және өңірдің түрлі салада еңбек етіп жүрген басқа да өкілдері бар
Азаматтар ІІ дәрежелі «Айбын», «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды. Атап айтқанда, бұл құрметке актриса Нұржібек Жансүгірова да ие болды.
Салтанатты жиыннан кейін көрермендерге «Азат елдің асқақ рухы», «Музыка әлемінің жауһарлары», «Бірліктің мекені – Қазақстан» атты үш бөлімнен тұратын мерекелік концерт ұсынылды.
Концертке Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері, «SAZ» ethno-fusion ensemble, «Алтын шек» скрипкашылар ансамблі, «Кең Дала» хоры, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, GAISSIN ORCHESTRA, сондай-ақ танымал орындаушылар Нұржас Сәдірбаев, Амре Алги, Меруеш Башай, Рысты Рахымжан, Уго Тарквини, Амантай Жұмашев, AYREE және Ибрагим Ескендір қатысты.
Мерекелік бағдарламада патриоттық әндер, ұлттық музыкалық шығармалар, театрландырылған қойылымдар мен хореографиялық композициялар орындалды. Әсіресе Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған «Арқаның асқақ мерекесі» бөлімі туған өлкенің тарихы мен мәдениетін дәріптеуге арналды.
Кеш соңында барлық өнерпаздар «Көк тудың желбірегені» әнін бірге орындап, мерекелік концертті қорытындылады.
Мазмұнды шара ел бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің мәдени жетістіктерін танытуға бағытталды.



































































