Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы басшысының м.а Сержан Мұсайын қарағандылық жас әнші Қызғалдақ Ауесханқызына халықаралық дода алдында сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өнерпаздың бұл қуанышы өңір үшін де үлкен жетістік екенін атап өтті.
Қарағандылық әнші Қызғалдақ Ауесханқызы халықаралық Slavianski Bazaar in Vitebsk фестиваліне іріктеуден өтіп, Грузияда өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен облыстық кезеңде үздік шыққан өнерпаз Алматы қаласында өткен республикалық байқауға қатысты. Мұнда мыңнан астам үміткердің ішінен 12 қатысушы ғана таңдалып, олардың арасынан үздік шыққан 3 өнерпаз халықаралық деңгейде ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды. Қызғалдақ Ауесханқызы – сол үштіктің бірі. Ал әділқазылар алқасында Нағима Есқалиева, Әлішер Каримов сияқты елімізге танымал өнер иелері болды.
– Республикалық іріктеуге Қарағанды облысының атынан бардым. Жарыстың шарты бойынша бірінші әніміз словян тілінде орындалды, ал екінші ән – әлемдік хит болуы керек еді. Екі турда да өзімді жақсы көрсетіп, нәтижесінде Грузияға жолдама алдым, – дейді Қызғалдақ Ауесханқызы.
Айта кетейік, Қызғалдақ Ауесханқызы – «Арқа аруы – 2023» байқауы, «JAS TALANT – 2025» фестивалінің жеңімпазы, сондай-ақ «Қазақ аруы – 2025» байқауының қатысушысы.




















