Қазақ хандығының 550 жылдығы

Адам өткенін жақсы білмей – болашаққа нық қадам баса алмайды. Сонау 1465 жылы қазақтың ел алғашқы хандары Жәнібек пен Керейдің қазақ деген хандықтың туын тіккеніне міне биыл 550 жыл толып отыр. Мерекелік шараны тойлау үшін елордаға еліміздің өңірлерінен 1,5 мыңға жуық адам келді. Бір кісідей бірігіп, бір шаңырақтан түтін түтеткен Алаш жұрты үш күн бойы бабаларға арман болған Азаттық Күні астында Қазақ мемлекеттілігінің торқалы тойын тойлады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын Қазақстан халқы жалпыұлттық мереке деңгейінде атап өтті.

11-13 қыркүйек аралығында «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда үлкен этноауыл ашылды. Қазақстанның барлық өңірлерінің қатысуымен халықтық серуен ұйымдастырылды. «Қазақ Елі» алаңында 50 криіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, спорттық алаңдар, алтыбақандар, тайқазандар және т.б. орнатылды. Этноауылда ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақтан жарыстар өтті. Мерекелік шаралар бағдарламасына сондай-ақ қолданбалы өнердің жәрмеңкесі, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері, үздік шығармашылық ұжымдардың концерттері, сонымен қатар, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Республикамыздың әрбір өңірі елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына үздік хореографиялық ұжымдардың, этнрографиялық ансамбльдердің, халық және эстрада жанрлары солистерінің қатысуымен мәдени бағдарламалар өткізілді.

Қарағанды облысын «Шебер» декоративтiк-қолданбалы өнер және халық шығармашылық орталығының шеберлері таныстырды. Көрмеде «Қазақстанның минералдары» атты экспозициясы астаналықтар мен қала қонақтары үшін таныстырылды. Орталықтың мамандарымен көрме даналары бойынша қызықты және пайдалы ақпарат ұсынылып, жергілікті зергерлерінің жұмысын бағалауға мүмкіндік берді. Орталық дәл осылай ағаштан, киiз, моншақтан және бiздiң облыста пайдаланылатын декоративтiк-қолданбалы өнердің барлық түрлері бойынша өз жұмысымен таныстырды. Барлық жұмыстар қазақ ұлттық стилінің дәстүрлі және заманауи техникада орындалды. Келген қонақтар шеберлердің көптеген бұйымдарын сол жерден де сатып алып, сонымен қатар кеншілер мен металлургтердің тірі мүсіндер фонында, бүркітші, аңшылар мен тазы иттермен есте қаларлық фотоға түсіп, ризащылыққа бөленді. Салтанатты көрме-жәрмеңке этнографиялық ансамбльдердің, халық және эстрадалық жанрларының солистерінің қатысуымен өтті.

12 қыркүйек күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев этноауылдарға кіріп шығып, астаналықтар мен қала қонақтарымен әңгімелесіп, қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, бақыт пен амандық тіледі. Ал осыған орай, әртістер «Арнау» орындап, «Тоқырауын толқындары» фольклорлық вокалды ансамблі өздерінің көп дауыстылығымен және орындау шеберлігімен тамсандырып, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің орындауында «Қоянды жәрмеңкесі» театрландырылған қойылымын паш етті.

Келесі күні Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің орындауында «Сарыарқа» күйінің бастамасымен біздің облысымыздың салтанатты және көркем тұсаукесері өтті.

Экранда Қарағанды облысының табиғаты, оның ішінде Қарқаралы, Ақтоғай, Балқаш, Ұлытаудың киелі кең даласы бейнеленіп, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры әртістері «Абылай» және «Қоянды жәрмеңкесі» атты театрландырылған қойылымдарын осы тұсаукесерде көрсетілді. Әрбір қойылым белгілі халық әндерінің орындаушыларымен көркемделіп, фондық экранда Сарыарқа жерінен шыққан ұлы тұлғалардың портреттері көрсетілді.

Өткеннен бүгінгі күнге ауысып, экранда облысымыздың индустриалды пейзажы бейнеленді, Қарағандының шахталары, ірі металлургиялық кешендерінің орталықтары Балқаш, Жезқазған, Қарағанды қалалары және тұңғыш Президентіміздің Н.Ә.Назарбаевтың политикалық Отаны атанған Теміртау қаласы.

Тұсаукесер соңында сахнаға орындаушылар мен Теміртау қаласының «Вдохновение» хореографиялық ұжымының бишілері өздерінің жарқын костюмдерін киіп, өзбек, татар, шешен, еврей, поляк және орыс ұлт өкілдері ретінде шығып, әсем ән мен биді орындап шықты.

Республикамыздың барлық аймақтары сияқты біздің облысымыз Академиялық Тәттімбет атындағы ұлттық аспаптар оркестрі, «Тоқырауын толқындары» вокалды ансамблі, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің орындаушылары мен вокалды ансамбльдері, «Шолпан» және «Вдохновение» үлгілі хореографиялық ансамбльдері, «Алтын батыр» степ тобы, Қарағандының драма театрлары әртістері, «SuperStarKZ» тележобасының финалисті Роман Кимнің қатысуымен бір сағаттық концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концерт от шашумен және жарқыраған конфеттимен аяқталды. Сонымен қатар, Қарағанды ұжымдары сән фестиваліне, «Сиқырлы би әлемі» атты би бағдарламасына, «Бірлігіміз жарасқан» және «Ғасырлар үні» атты концерттерге қатысты.

«Барыс» мұз айдынында өткен «Мәңгілік Ел» театрландырылған қойылымы көрген жанды тәнті етті. Мерекелік қойылымда қазақ елінің үш мың жылдық шежіресі мен заманауи келбеті жеті тарау арқылы сахналанды.

Тараулар «Тарих толқынында», «Ұлы дала Елі», «Қазақ хандығының құрылуы», «Дала ренессансы», «ХХ ғасыр», «Тәуелсіздік» және «Мәңгілік Ел» деп аталды. Тараудың тақырыптарында тұрғандай, әр тарауда еліміздің халық болып дамыған, ұлт болып қалыптасқан тарихи кезеңдері ән-күй, жыр-терме, би секілді түрлі жанрлар бойынша қамтылды.

Қойылымға жалпы саны 4000-нан астам адам атсалысты. Еліміздің «Наз», «Салтанат», «Туған жер», «Рухсара», «Жорға», «Шалқыма», «Алтынай», «Ақ жайық», «Аққу», «Көк түріктер» сынды белгілі ұжымдарымен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген би ансамбльдері қатысты.

Қойылым барысында Қазақстанның халық әртістері – Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова, Гауһар Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы және тағы басқа Қазақстан өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.

Источник: www.akorda.kz

Iс-шаралар

Меню