Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы. Ол өз дәуірінде ғана емес, ғасырлар бойы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Абайдың шығармалары – терең ойдың, асқақ сезімнің, адамгершілік пен ізгіліктің айнасы. Ол қазақ поэзиясын елдіктің, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің шыңына көтеріп, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді.
Ақынның әрбір өлеңі мен қара сөзі – өмірлік тәлім мен рухани жаңғырудың кепілі. Абай тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін құнды мұра қалдырды. Сондықтан да оның 180 жылдық мерейтойы – өткенімізді дәріптеп, болашағымызға бағдар беретін үлкен рухани оқиға.
Міне осы атаулы мереке республикалық дәрежеде ұлы ақынның кіндік қаны тамған Абай облысында 10 күн бойы дүркіреп өтті. 1-10 тамыз аралығында 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба қамтылды.
Сонымен қатар, шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы, әрі маңыздысы «Жеті қазына» республикалық мәдениет, спорт және туризм фестивалі Қарауыл ауылындағы Абай саябағында 8 тамыз бастау алып, 10-тамызға дейін жалғасты.
Үш күнге созылған ауқымды шара аясында халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын, қазақтың «Жеті қазынасын» насихаттайтын бұл байқау түрлі сайыстардан тұрды. Атап айтсақ: «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы» және «Берен мылтық» аталымдары бойынша қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті. Салтанатты ашылу еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар шеруімен басталды.
Ертіс жағасындағы думанды алаңда 2 кезеңге бөлінген «Ер жігіт» сайысының алғашқы кезеңінде жігіттер теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ата-баба дәстүрінен жалғасқан ұлттық спорт түрлерінде өз күш-қайратын сынады.
Қарағанды облысының намысын бұл додада Толеутай Баянды Асетулы қорғады. Ол – дәстүрлі ән өнерінің жанашыры, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің білікті ұстазы, сахнада ұлттық өнердің айшығын айқын көрсете білетін, байсалды да көркем болмысты өнер иесі.
Ұлттық өнерді насихаттап, өскелең ұрпақ бойына рухани құндылықтарды сіңіру жолында аянбай еңбек етіп жүрген, өнер мен парасатты қатар ұстаған нағыз қазақ жігіті.
«Ер жігіт» атағына үміткер Республикамыздың әр өңірінен келген 19 қатысушы байқаудың екінші күні үш бөлім бойынша сайысқа түсті. Байқаудың екінші кезеңіндегі таныстыру бөлімінде Баянды Асетулы:
Құнанбай мен Абайға қызын берген,
Мақтансам Қарағандыммен мақтанайын.
Ұлы Абайдың тойында бағым жанып,
Еліме абыроймен аттанайын, – деп өзін шебер таныстырып, бірден көзге түсті. Сонымен қатар, жерлесіміз қазақтың көне аспабы сыбызғының сырлы үнімен көрерменді баурап, артынша домбырамен Абайдың мәңгілік мәні бар «Сегіз аяқ» әнін жоғары деңгейде орындап, сұрақ-жауап бөлімінен де сүрінбей өтті.
Абай облысында өткен «Жеті қазына» республикалық байқауында өнер мен білімді қатар өріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген Баянды Асетулы сахнадағы образы мен ер жігітке тән болмысы, салмақты өнері мен шебер орындаушылығы көрермен көңілін баурап, қазылардың да жоғары бағасына ие болып, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.
Облысымыздың абыройын асқақтатқан Баянды Асетулын шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық жолыңыз әрдайым табысты бола берсін дейміз!
Бұдан кейін біздің жерлестеріміз бақ сынаған кезекті сайыс – «Сұлу әйел» байқауы. Бұл сайыс «Ана бейнесі» және «Ана дәмі» атты екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер “Таныстыру”, “Ситуациялық сұрақтар”, “Бесік жыры”, “Киім үлгісі”, “Ұршық иіру” сияқты бөлімдер бойынша сынға түсті. “Ана дәмі” кезеңінде арулар ас бөлмедегі шеберліктері арқылы табаққа ет мүшелеп, тіл үйірер бауырсақтар пісіріп жарысты.
Осы сайыста Қарағанды облысының атынан бағын сынаған Арайлым Абдыкаримова өзін шеберлікпен таныстырып, бесік жыры арқылы ана мейірімін жеткізіп, “Киім үлгісі” бөлімінде көптеген әйгілі аналар шоғырында дара тұрған – Қарқабат ана бейнесімен көрермен көңілінен шыға білді.
Абдыкаримова Арайлым Кенжеқызы қазіргі таңда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты Ресурстық тіл орталығында маман болып қызмет атқарады. Сонымен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған “Зейін” қисса оқыту үйірмесінің жетекшісі. Қазақ әйеліне тән парасат пен сұлулықты, ұлттық болмыс пен нәзіктікті үйлестіре білген аруымыз әр бөлім бойынша өзін үздік көрсете білді. Арайлым Кенжеқызы «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі аясында өткен «Сұлу әйел» байқауының “Нәзіктік үлгісі” номинациясымен және 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Сондай-ақ, тағы бір үкілеп қосқан үмітіміз Марат Алтынай Жанболатқызы «ІЛІМ-БІЛІМ: АБАЙ ОҚУЛАРЫ» байқауында сынға түсті. Алтынай – бұған дейін де көптеген республикалық, облыстық, аудандық додаларда жүлде тұғырынан көрініп, өнерімен өңір абыройын асқақтатқан жас дарын.
Республикалық деңгейде тойланып отырған Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өткізілген бұл айтулы байқау, Алтынай үшін маңызды тәжірибе мен өзін шыңдауға таптырмас мүмкіндік болғаны анық.
Қатысушылар екі кезеңнен тұратын сайыста ақын мұрасын дәріптеумен қатар, һәкімнің шығармашылығы мен өмір жолына байланысты сұрақтарға жауап беру арқылы бақ сынады.
Жаста болса ауқымды сайыста топқа түскен Алтынай Маратқызына алдағы байқауларда жарқын жеңістер мен табысты жүлделер тілейміз!
Ұлы Даланың ғұламасы Абайдың 180 жылдығына арналған торқалы тойы 10 тамыз күні ақынның мәңгілік мекені болған Жидебайда құран бағыштап, құрбандық шалу рәсімімен басталды.
Қарауыл тауының бөктерінде өткен ұлан асыр тойдың ресми ашылу салтанатында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын халыққа жеткізді.
Ресми құттықтаулардан кейін «Бала Абайдан дана Абайға» атты театрландырылған қойылым сахналанды. Ұлы Абайдың рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, театр және кино актері Болат Әбділманов сомдап шықты.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты поэтикалық-музыкалық концертте Абай шығармашылығынан шабыт алған туындылар орындалды. Түске таман ас беріліп, ұлттық ат спорты ойындары – топ бәйге, жорға жарысы, аламан бәйге ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазақ күресінен республикалық турнирдің финалдық белдесулері өтіп, ең үздік түйе палуан мен өгіз палуан анықталды.
«Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалінің қорытындысы бойынша Қарағанды облысының намысын қорғап барған қатысушыларымыз: «Ер жігіт» республикалық байқауында жүлделі 3-орынға ие болса, «Сұлу әйел» байқауы бойынша – «Нәзіктік үлгісі» номинациясы және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Осылайша, киелі Қарауыл төріндегі Баба тойында Арқаның саңлақтары өнер, білім, сұлулық пен батырлықты дәріптейтін сайыста өңіріміздің абыройын асқақтатты.
10 күн бойына тойланған мерекелік шара соңы «Желсіз түнде жарық ай» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен Гала-концертпен аяқталды.
10


































