22 қараша күні Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шет ауданының Құрметті азаматы Өмір Кәріпұлының 85 жасқа толуына орай шығармашылық кеш өтті. Шығармашылық кешті ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан жүргізді.
Астана, Алматы қалаларынан және Ұлытау облысынан зиялы қауымдар қатысып, қарымды қаламгерге өз құрметтері мен сый – сияпаттарын көрсетті.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың қолдауымен Өмір Кәріпұлына «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы беріліп, кеудесіне төс белгі тағылды. Осы сый-сияпатты Алматыдан келген белгілі қаламгер Қуандық Түменбай тапсырды.
Мәдениет және ақпарат министрінің өкілі А.Мырзахмет Өмір Кәріпұлының жаңа жинағы мемлекеттік тапсырыспен шығып, қаламақы тағайындалғанын және келесі жылы республикамыздың барлық кітапханаларына таратылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, елге белгілі өнер адамдары ән мен жырдан шашу шашып, кештің жоғарғы деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.




















