2025 жылғы 4 қарашада Қарағанды қаласында «Руханият – рухтың байрағы» атты облыстық семинар-практикум өтті. Семинарға Қарағанды облысының қала және аудан мәдениет қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мәдени-демалыс саласы мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау бойынша жүйелі жұмысты дамыту болды. Семинар барысында қатысушыларға МӘМ саласындағы басым бағыттар жан-жақты түсіндіріліп, заманауи әдістемелік тәсілдер, олардың мәдениет мекемелерінің қызметіне енгізу формалары мен тәжірибелері қарастырылды.
Бағдарламаның мазмұнды бөлігі ретінде Ардаби Маулет – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің мәдени мұра ғылыми-зерттеу институтының қазақ дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің сарапшысы, өнертану саласында PhD докторы сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында материалдық емес мәдени мұраны ғылыми зерттеу, жүйелеу және сақтау мәселелерін ашып көрсетті, дәстүрлер мен салттарды жеткізу процесінде өңірлік мәдениет мекемелерінің рөлін атап өтті, сондай-ақ осы саланың өзекті міндеттері мен даму перспективаларын белгіледі.
Білім беру бағдарламасы аясында «Жаппай мерекелер мен халықтық ойын-сауықтарды дайындау және өткізуге заманауи көзқарас: формалар, әдістер, тәсілдер және көркемдік шешімдер» тақырыбында Алматы қаласынан келген жаппай мерекелердің режиссері Жылкина Аспет Омарқызы баяндама жасады. Ол өз сөзінде сценарийлік жоспарлау, режиссерлік шешімдер, заманауи көркемдік құралдар мен технологияларды қолдану мәселелерін ашып көрсетті, сондай-ақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңыздылығына назар аударды.
Семинардың жалғасы ретінде «Ұлттық хореография өнері – ұрпақтар мұрасы» атты қазақ биі бойынша шеберлік сабағы өтті. Оны «Куаныш» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Тойболдина Айман Нұрланқызы жүргізді. Практикалық сабақ барысында қатысушыларға қазақ хореографиясының негізгі элементтері мен ерекшеліктері көрсетіліп, ұлттық бидің сахналық бейнесін жасау, дәстүрлерді жеткізу және ұрпақтар сабақтастығы мәселелері ашып көрсетілді.
Облыстық семинар-марафон «Руханият – рухтың байрағы» мәдениет саласының дамуының өзекті мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және өңірдің қазіргі мәдени тәжірибесінде материалдық емес мәдени мұраның рөлін нығайтуға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.













































