Мәңгiлiк Ел атты ұлттық идеяны қолдауға арналған «Бiз Мәңгiлiк ел боламыз!». Патриоттық акциясы

«Бiз Мәңгiлiк ел боламыз!» атты патриоттық акцияны Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, сонымен қатар облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырып өткізді.

2014 жылдың 13 наурыз күні «Жастар» спорт кешеніне бес мыңнан аса адам келді. Мәңгiлiк Ел эмблемасы бар ақ, көк, сары жейдешелер киінген патриот жастардың қатарында мектеп пен колледж оқушылары, ЖОО студенттері, облысымыздың қалалары мен аудандарының жастары болды. Кешеннің барлық алаңын ауқымдаған жастар көк байрағымызды желбіретіп, ұлттық ұранымызды үндеді.

Форумның құрметті қонақтары жастарға жарқын болашақ тіледі. Спортшылар, үздік студенттер, этно-мәдени бірлестіктердің белсенділері сынды облысымыздың бетке ұстар жастары өз мәлімдемелерін жасады. Оқушылар Елбасымыз бен Егемен еліміз жайында өлеңдер оқыды. Үлкен экранда біздің спроттағы тың жеңістеріміз, ғарышты бағындырған сәттеріміз, Астана қаласының көк тіреген көп қабатты үйлері, Қазақстанның таулары мен белдері көрсетілді.

Барлық құрметті қонақтар «Қазақстан-2050» Стратегиясы алдымен жастарға арналған екендігін баса айтты. Еліміздің болашағын шыңға жетелеуші жастар, ал Қазақстанның алдыңғы қатардағы жас белсенділері қарағандылықтар екені бәрімізге белгілі.

Iс-шаралар

Меню