Қазақ халқының ерекше шығармашылығын, қолөнерін, «Ортеке» орындаушылық шеберлігін жаңғырту, сақтау және одан әрі дамыту, Қазақстанның мәдени мұрасын өскелең ұрпақ арасында танымал ету, сондай-ақ дарынды қатысушыларды анықтау және қолдау мақсатында, алғашқы рет Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2023 жылдың қараша айның 26-сы күні Қарағанды қаласының Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінде «Ортеке» облыстық этнофестивалі өтті.
Фестиваль бағдарламасында: «Ортеке» шеберлерінің қатысуымен сәндік қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылып, Қазақтың сюжеттік биін орындаушылар байқауы өткізілді.
Мәдениет үйі фойесінің бірінші қабатында Бұқар жырау, Абай, Осакаров аудандары мен Қарағанды қаласының, екінші қабатында Қарқаралы, Нұра, Шет, Ақтоғай аудандарының, сондай-ақ Теміртау, Балқаш, Саран қалаларының сәндік – қолданбалы өнер жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Бақытұлы Жандос (Нұра ауданы) арнау арнап, «Жарқын» ансамблінің биші қыздары «Шашу» рәсімін орындады.
Фестивальді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» және «Арқа сазы» фольклорлық ансамблдері «Жез киік» хореографиялық композициясымен ашып берді.
«Ортеке Шебері» номинациясы бойынша келесі келесі шеберлер үздік болып белгіленді:
- Амантай Кәкіш (Абай ауданы),
- Карпык Саденов (Ақтоғай ауданы),
- Амантай Акишев (Бұқар жырау ауданы),
- Жастүлек Кенжеұлы (Шет ауданы),
- Бекнур Жангарашев (Балқаш қаласы),
- Қуаныш Хасенова (Теміртау қаласы),
- Төлеуғазы Дүйсенбеков (Теміртау қаласы),
- Қылышбек Құрманов (Қарағанды қаласы).
Фестивальде Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет, Нұра, Осакаров аудандарының, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск қалаларының, Ақтас кентінің, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің хореографиялық ұжымдары фольклорлық ансамбльдердің сүйемелдеуімен қазақ сюжеттік билерін орындады.
Фестивалдің құрметті қазылар алқасының құрамында:
- Халықаралық байқаулардың лауреаты, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның артисі, қазақ музыкалық халық аспаптарын жасау шебері – Азамат Бақия;
- ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі – Байқара Садвақасов;
- Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу», Қарағанды Университетінің «Жарқын», облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының «Қуаныш» ансамбльдерінің алғашқы көркемдік жетекшісі – Қорлан Мұқатова төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Фольклорлық ансамблдің музыкалық сүйемелдеуімен Сюжеттік би» номинациясының келесі жеңімпаздары анықталды:
Бас жүлде – «Жарқын» халықтық би ансамблі және «Сарын» халықтық фольклорлық ансамблі (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университеті);
I орын – «Дидар» үлгілі хореографиялық және фольклорлық ансамблі (Абай ауданы);
II орын – Аруна Сакитай және Әлібек Имашев (Ақтоғай ауданы), Гулбану Байжанова және Батыржан Бозтаев (Осакаров ауданы);
III орын – «Ветерок» үлгілі хореографиялық ансамблі және «Сарыарқа» халықтық фольклорлық ансамблі (Балқаш қаласы), «Аңыз» үлгілі хореографиялық ансамблі және халықтық Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі (Қарқаралы ауданы), «Шұғыла» би тобы және «Ботақара баурайында» халықтық фольклорлық ансамблі (Бұқаржырау ауданы).
Барлық жүлдегерлерге дипломдар мен сертификаттар табыс етілді.
Аталмыш этнофестивальге жалпы саны 320 адам қатысып, 400 көрермен қамтылды.