2015 жылдың қазан-қараша айларында Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылына және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Әнім сенсің, Сарыарқа» Қарағанды облысы қалаларының халық шығармашылығы байқау-конкурсы өтті.
Байқаудың шарты бойынша әрбір қала бейнелеу және сәнді-қолданбалы өнер көрмелерін, үздік көркемөнерпаздар ұжымдарын қатыстыра отырып, биылғы жылдың айтулы даталарын ашатындай театрландырылған концерттік бағдарламаларды ұсынды.
3 желтоқсан күні сағ. 15.00-де Қарағанды қаласының кеншілер мәдениет Сарайында облыстық «Әнім сенсің, Сарыарқа» атты қалалар халық шығармашылығының байқау-конкурсының қорытындысы бойынша Гала- концерті өтті. Концертке Теміртау, Балқаш, Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал, Шахтинск, Саран және Қарағанды қалаларының үздік көркемөнерпаздар ұжымдары мен орындаушылары қатысып, көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті.
Сонымен қатар іс-шара аясында облыстық мұражай мен кітапханаларының тақырыптық көрмесі ұйымдастырылды.
Байқау-конкурстың қорытындысы бойынша І орын – Жезқазған, ІІ орын – Қарағанды, ІІІ орын – Теміртау қалаларының көркемөнерпаздар ұжымдары жеңімпаздар атанып, Балқаш, Сәтпаев, Саран, Шахтинск қалалары алғыс хаттармен марапатталды.
Барлық қатысушылар ұйымдастыру алқасы атынан ақшалай сыйлықтармен марапатталды.