Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс ол синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Айтыста осыған орай лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол ұшырасады. Сол арқылы бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырған. Осы жанрдың ұрпақтан-ұрпаққа берілуі жалпы қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына ықпал етеді.
«Армысың, әз Наурыз» облыстық ақындар айтысы ұлттық импровизаторлық өнерді насихаттау, қазақ этносының мәдениеті мен ұлттық сана-сезімін дамыту, «Жыршы термеші» ақындар мектебін, облыстық халық шығармашылығы орталығын ілгерілету мақсатында өткізіледі.
Жыл сайын «Армысың, әз Наурыз» облыстық ақындар айтысына Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай, Ұлытау, Бұқар Жырау, Жаңаарқа аудандарынан, Сәтбаев, Шахтинск, Қарағанды қалаларынан республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары қатысып тұрады.
Қазылар алқасының құрамына атақты ақындар, айтыскерлер төрелік етеді:
– Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Абзал Бөкенов;
– ф.ғ.д., профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қойлыбай Асанов;
– айтыскер, «Орталық Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Ерсін Мұсабеков;
– «НұрОтан» партиясы «Мирас» өңірлік кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков;
– «Сарыарқа» телеарнасының редакторы;
– Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Ерлан Құсайынов;
– қазылар алқасының төрағасы ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Алтаев.
Айтыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасы Бас жүлде, І, ІІ, ІІІ орындарды, сондай-ақ арнайы атаулы дипломдар мен ақшалай сыйлықтарды табыстайды.
2019 жылы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған айтыс өткізілді.
Айтысқа Ақтоғай, Бұқар жырау,Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет аудандарынан, Қарағанды, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск қалаларынан 16 ақын қатысты.
Айтыстың қорытындысы бойынша келесі айтыскер ақындар жеңімпаз атанды:
Бас жүлде – Оспанов Бекарыс (Қарқаралы ауданы));
I орын – Бейсенбек Сырым (Жаңаарқа ауданы);
II орын – Бекболат Еркеғали (Теміртау қ.), Желманов Медет (Жаңаарқа ауданы);
III орын – Мақашев Абзал (Сәтбаев қ.), Ботпай Доскей (Бұқар Жырау ауданы), Мұхтар Әділов (Қарағанды қ.). Барлық ақындар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған Халықаралық айтыс өткізілді. Салтанатты ашылу рәсімі С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтті. Астанадан және Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Қытайдан келген айтыскерлерді халық үлкен құрметпен қарсы алды.
Айтыскер ақындар қызыл кілем арқылы театр ғимаратына кірді.
Халықаралық айтыс Қарағанды облысы әкімдігі мен Nur Otan партиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Халықаралық айтыста Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия және Қытайдан келген 18 айтыскер бақ сынады. Қазылар алқасынның төрағасы белгілі актер әрі режиссер, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов болды.
Тартысты айтыс нәтижесінде Бас жүлдені Мақсат Аханов пен Жандарбек Бұлғақов қанжығасына байлады. Олардын әрқайсысына екі миллион теңгелік ақшалай сыйлық табыс етілді.
Қазылар алқасы бірінші орын мен миллион теңгелік жүлдені Өміржан Көпбосынов пен Бауыржан Шермединұлына табыстады.
Тоғыз жыл бойы Қарағанды қаласында желтоқсан айында Жұмабек Тәшенов атындағы облыстық жас ақындар айтысы мен мүшайра өткізіліп келеді.
Биыл бұл сайысқа Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандары мен Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларынан 5 ақын және 8 айтыскер қатысты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Жылдың үздік ақыны» номинациясын Кәмшат Хасен (Қарқаралы ауданы), ал «Жылдың үздік айтыскері» номинациясын Еркеғали Бекболат (Теміртау қаласы) алды.