Театрдың шымылдығын 1958 жылы Қ. Аманжоловтың «Аңқау Жүсіп» пьесасымен ашқан шағын үйірме құрамын жеті-сегіз адамнан құрады. Олардың арасында жұмысшы жастар, әр түрлі мамандық иелері болды. Сол кездегі үйірме жетекшісі Шахман Мағазов, мүшелері Мұратбек Ахметбеков, Төлеуқадыр Нысанов, Иманқұл Жиенбаев, Қабыкен Жотабаев, Мапура Жалелова, Күлшира Машрапова, Ғаббас Жасымбековтер еді.
1960-1971 жылдары түрлі ойын сауық кештерімен бірге үлкен драмалық шығармаларды – Ә. Әбішбаевтың « Жалғыз ағаш орман емес», М. Иманжановтың «Сөнген шала»,С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», Ш. Құсайыновтың «Күншілдік» пьесасын сахнаға шығарып, құрамына ауыл өнерпаздары Совет Досжанов, Нұрбану Быхина, Майра Сембаева, Айтжан Сәрсенова, Рая Жүнісбекова, Жетбісбай Әлин, Қабдықұмар Кәріпбеков, Рымкеш Мұқашева және осы жылдары мәдениет бөлімін басқарған, қабілетті ұымдастырушы, актер Ұзақбай Мұқашев және тағы басқа талантты дарынды жастар қосылды. Бұл жылдары драма үйірмесі Қазақстанның құрылуының 40 жылдығына орай 1960 жылы облыстық мәдениет басқармасының Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1966 жылы драма үйірмесінің жетекшісі Шахман Мағазов Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдық мерекесінде Мақтау қағазымен марапатталды.
1973 жылы Аудандық Мәдениет бөлімін басқарған, білімді әрі білікті басшы Орынбек Жәкешов, қоюшы режиссер Шахман Мағазов, өнер көрсетіп жүрген бір топ жас Төлеш Шодыров, Шынар Қабыкенов, Рысты Айтбақаева, Бәтіш Кәріпжанова, Шолпан Шодырова, Ғалияш Құсайынова, Сағат Рахметов, Сиязбек Рахымов, Мұқатай Ұсайынов «Халық театры» атағын жеңіп алу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл байқауға Қ. Шаңғытбаев пен Қ. Байсейітовтың «Беу қыздар-ай» спектакілі дайындалып қойылды.Осы жолы республикалық халық творчествосы үйінің ғылыми қызметкері, драматург Тұршабай Жағыпаров басқарған қазылар алқасы өте жоғары бағалап, өнер ұжымына Республикалық байқаудың лауреаты және «Халық театры» деген жоғары атақ берді.
1980 жылы Ш. Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» қойылымымен театр өз атағын қорғады. Театр артистері С. Рахметов, Шолпан Шодырова, Шынар Қабыкенов, Рысты Айтбақаева, Өмірбек Әубәкіров, Нұрғазы Үсенов, Қабдіқұмар Кәріпбековтер халық творчествосы көркем өнерпаздарының Бүкілодақтық фестивалінің лауреаттары атанды. 1981-1993 жылдар аралығындағы театр ұжымының мәртебесін білікті маман режиссер Баянғали Қабжаппаров, театрдың суретшілері Серік Мағазов, Жәйлан Темірғалиевтер шығармашылық табысты көтерді. Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына арнап С. Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» пьесасы қойылып театр ұжымы бұрыңғы КСРО Жазушылар одағының дипломымен марапатталды. Осы жылдары театр өз атағын Д. Исабековтің «Әпке», Т. Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табын» қойылымдарымен қорғады.
Халық театры 2003 жылы халықтық атағы бар ұжымдар арасында болған облыстық байқауда Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасымен дипломант атанып, 3-дәрежелі дипломмен марапатталды. Режиссеры Қ.Имекеев, суретшісі Т.Қойшығарин.
2007 жылы өз атағын Т. Н ұ р м а ғ а н б е т о в т ы ң «Табалдырығыңа табын» драмасымен қорғап,облыстық байқауда «Ең үздік спектакль» атағын жеңіп алды және 1-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Номинациялар бойынша «Эпизодтық рөльді» Төлеген Қойшығарин, «Үздік ер адам рөлін» Қанат Құдайбергенов, «Үздік әйел рөльін» Шолпан Шодыровалар иеленді.Режиссеры Қ.Имекеев, суретшісі Т.Қойшығарин. Кезекті Халықтық ұжымдар арасындағы байқауда С.Жүнісовтың «Заманай» трагедиясын сахналап өз атағын қорғды.
2016 жыл 26 сәуір күні Егіндібұлақ халық театры кезекті есеп беру концертін Қарағанды облысының халықтық үлгілі өнерпаздар ұжымдарына бекітілген арнайы комиссия мүшелеріне қойып өте жақсы деген бағамен өздерінің «Халықтық» атақтарын қорғады.
2018 жылдың сәуір айында Қарқаралы ауданында өткен «Театр-тал бесігім» атты театр айлығына Т.Нұрмағанбетовтың «Табалдырығыңа табын» атты драмасын Қарқаралы жұртшылығына ұсынылып, өте жоғары дәрежеде қойылды.
Жетекшісі: Имекеев Арғын