Наурыз айы түрлі мерекелерге толы. Қазақстандықтар ұлыстың ұлы мерекесі – Наурызға қызу дайындықты бастап кетсе, аймағымыздағы румын қоғамы ерекше маңызды әрі ауқымды көктем мейрамы — Мэрцишорды атап өтті.
«Мэрцишор» сөзінің мағынасы қазақшаға тәржімалағанда «наурыз» мағынасын береді екен. Көп күттіретін көктемді Румыния мен Молдова халықтары дәл осы мерекемен қарсы алады. Бұл күні тұрғындардың бір-біріне тек ақ-қызыл гүлдерді сыйға тарту дәстүрі қалыптасқан. Бұл түстердің астары аңызға апаратын айрықша мазмұны мен мәні бар.
Аталмыш аңызда бәйшешекті тікенді бұтасынан босатуға болысқан Көктем жайында айтылады. Осы ісімен Көктем Қысты ызыландырып, ашуға булыққан Қыс қара суық желді шақырғанда, бәйшешек ғұмыры қыл үстінде тұрады. Бәйшешек гүлді қорғауға кіріскен Көктем, тікенді бұтаға шаншылып, жарақаттан қан аға бастайды. Осылайша, Қыс қаһары қайтып, ақ қардағы қызыл қанның түсі Мэрцишор мерекесінің символына айналды. Сыйға берілетін ақ-қызыл гүл шоқтарын тұрғындар наурыз айы бойы киіміне тағып, сәуір айында бүршік атып, гүл жарған ағашқа тілегін тілеп, ілетін болған.
«Мэрцишор» фестивалі облысымызда Николай Плушкис басқаратын «Дакия» румын мәдени қоғамының ұйымдастыруымен биыл төртінші мәрте өткізілді. Жыл сайын бұл іс-шара танымал румын және молдовандық әртістердің келуімен есте қалады. 2013 жылы Василе Йову мен Зинаида Болбочану қаламыздың қонағы болса, 2014 жылы «кеңестік Челентано» атанып кеткен Ион Суручану и Каролина Препелицэ келген болатын. Былтыр атаулы мерекеге белгілі кишиневтік этно-поп ұжым «Трансбалканика» қатысып, ағымдағы жылы кеншілер қаласына атақты этно-поп топ «Ro-Mania» шақырылды.
Қарағандылықтар «Ro-Mania» тобының шығармашылығымен жақсы таныс. Өткен жылдың қазан айында «Дакия» этномәдени бірлестігі 10 жылдығының концерттік кешінде «Ro-Mania» тобы өнер көрсеткен болатын. Салтанатты шараға Қазақстандағы Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Николай Уреке және Румыния Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі румын диаспорасы істері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы – Себастиан Хотка, сондай-ақ, Ресей Федерациясындағы Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшісі – Василе Соаре қатысқан-ды.
Топтың орындауындағы этникалық музыканың энергетикасы бірден бойды жаулап алады. Ең бастысы, сүйікті ісіңе жаныңды салу дейді топ мүшелері. Жанрдың өзі рухани құндылыққа бай, бойдағы қуатты көрсететін әсері бар екенін баса айтты.
Концерттік бағдарламада «Дакия» румын мәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Доруле» этнофальклорлы ансамблі румын халық әндері мен билерін орындады. «Доруле» ансамблі – аймақтық және республикалық ұлттық фестивальдердің белсенді қатысушысы, 2015 жылы астанамызда өткен «Шекарасыз ән» халықаралық ән фестивалінің лауреаты. Көрермендер «Доруле» шығармашылық ұжымының би нөмерлерін, румын және қазақ тіліндегі вокалдық композицияларын жоғары бағалады. Жыл сайын ансамбль репертуары жаңа әндермен толығуда.
Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінің директоры Тілеубек Камалиев «Дачия» румын мәдени қоғамы жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашовқа Қарағанды облысының дамуына және жаңа қазақстандық қоғамды құруға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Мерекелік шараға Сәтпаев қаласының Т.Г. Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі, «Русалица» славян этномәдени орталығы және облысымыздағы белді оқу орындары атсалысты.
Румынияда Мэрцишор кеңінен аталып өтілетін мереке. Жергілікті халық 1 наурыздан бастап 10 күн мейрамдайды. Мерейлі мерекеге Еуропа және ТМД елдерінен қонақтар арнайы келеді.