Қарағанды облысында ЮНЕСКО сарапшысы, Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Рахимович Мұзафаровтың қатысуымен бірқатар маңызды кездесулер мен семинарлар өтті.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – материалдық емес мәдени мұраны сақтау, дамыту және оны келер ұрпаққа жеткізу мәселелерін талқылау болды.
Семинарлар мен кездесулер барысында облыстың материалдық емес мәдени мұра элементтері жөнінде кеңінен түсінік беріліп, оларды қорғау мен насихаттау тұжырымдамасы қарастырылды.
Кездесулерге қолөнершілер, музей қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының өкілдері, ұстаздар мен ғалымдар қатысты. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бастаған спорт мамандары құсбегілік, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты дәстүрлі спорт түрлерінің халықаралық деңгейде танылып, ЮНЕСКО тізіміне енуінің маңызын атап өтті.
Университет оқытушылары мен тарихшылардың қатысуымен өткен пікірталаста мәдени мұраның этнографиясы мен тарихын зерттеу, сондай-ақ оны ғылыми тұрғыда жүйелеудің жолдары қарастырылды. Ал білім беру саласындағы кездесуде ұлттық тәрбиенің мектеп бағдарламасындағы орны мен ұстаздардың мәдени құндылықтарды насихаттаудағы рөлі сөз болды.
Сапар соңында БАҚ өкілдерімен өткен басқосуда ұлттық мәдени мұраны кеңінен дәріптеуде журналистиканың маңызы атап өтілді.
Бұл кездесулер – ұлт руханиятын жаңғыртуға, мәдени кодты сақтауға және ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа аманаттауға бағытталған маңызды бастама болды.


























