2015 жылдың 3 қазан күні сағ. 17.00-де Кеншілер мәдениет Сарайының сахнасында «Халықтық» атағын алғанына 40 жыл толуына орай, Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің концерті өтті.
Туған өңірден қанат қағып, 40 жылдық шежірелі тарихында Қазақстанның барлық аймағында ғана емес, сонымен қатар, Ресей, Украина, Туркия, Франция, Қытай, Венгрия, Үнді тағы да басқа әлемнің бірнеше елдерінде өз шығармашылығымен тамсандырды.
Концерттік бағдарлама Ақтоғай ауданы әкімі Омарханов Ниқан Иманғалиұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ал бағдарлама халық әндері мен Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, Н.Керімбеков, Ә.Бейсеуов, Л.Хамиди сияқты атақты авторлардың туындыларымен өз жалғасын тапты.
Концертке ұжымның негізі қаланғаннан бастап өнерін тарту еткен орындаушылар (Шамшия Толеубаева, Дариға Ақатаева), ансамбльден түлеп ұшып, бүгінгі таңда ел аузында жүрген орта және жас буын әншілері (Д.Әркенов, Б.Макшонов, Д.Аханов, Ғ.Қожамбаев, Д. Мақшонова және т.б) қатысты.
Іс-шараның соңында А.Жұмашевтың «Ән мекені — Ақтоғай» және Ақтоғай өңірінің әнұранына айналған Д.Садуақасовтың «Ақтоғай – алтын бесігім әні орындалды. Көрермендер барлық әндерді ыстық ықыласпен тыңдап, ансамбльмен бірге сүйікті әндерін орындап шықты.
«Тоқырауын толқындары» ансамблінің мүшелері Дариға Ақатаева мен Амантай Жұмашев облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ансамбль қатысушыларына құттықтау хаты мен гүл шоғы табысталды.