2014 жылдың наурыз айының 14-15 күндері Кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, сонымен қатар Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған Жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің ХVІII облыстық «Жас қанат-2014» конкурсы өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі конкурстың мақсаты – эстрадалық әндерді қазіргі өңдеуде орындайтын талантты орындаушыларды, әуесқой сазгерлер мен өңдеушілерді, сауық-сайран, шоу-бағдарламаларын жүргізушілерді анықтау және оларды насихаттау болып табылады. Екі күнге созылған дүбірлі додаға Қарағанды облысының барлық аудандары мен қалаларынан іріктелген 18 бен 30 жас аралығындағы 37 жас орындаушылар мен 30 шоу-бағдарламаларды жүргізушілер өз қабілеттерін үлкен сахнада сынау мүмкіншілігіне ие болды. Алғашқы күні үміткерлерге дәстүрлі конкурстың биылғы шарты бойынша Қарағанды қаласына арналған әндерді орындау құрметі бұйырды. 80 жылдық тарихы бар, тамырын тереңге тартқан алып шаһарымыз жайында жазылған Есжан Әміров, Марат Бекишев, Дәулет Рысбайұлы сынды сазгерлердің аяулы әндері орындаушылардың сан-алуан шеберліктерін айшықтап, өнер сүйер көрерменнің жүрегіне ұялады. Тұлпарынан сұңқары, тұяқтысынан қанаттысы оза шапқан жарыстың жалғасын көзіқарақты көрерменнің тағатсыздана күткені сөзсіз.
Сайыстың екінші күні жеңіске деген құлшыныс қатысушылардың жігерін жанып, бақ пен баптың арасындағы тартыс конкурстың отын одан сайын қыздыра түсті. Нақышына келтіріп ән орындап, тыңдаушының тамырын басып сөз сөйлеу қашан да оңай емес.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес «Жас орындаушылар» номинациясы бойынша Бас жүлде Тәттімбет атындағы өнер колледжінің шәкірті Айтбаева Лаураға, жүлделі бірінші орын Осакаров ауданының үмітін арқалап келген Дүйсембаева Динара мен Бапанов Арманның дуэтіне, екінші орын Жаңа майқұдық мәдениет Үйінің әншісі Қырықбаева Жұлдызға және Қарқаралы ауданынан келген Фархат Мейрашқа, үшінші орын Жезқазғандық Ахасова Мөлдірге және Абай ауданының үміткері Қылышбаев Ернарға, Қарағанды туралы әнді үздік орындағаны үшін арнайы сыйлық Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің студенттері Удешов Ағыбай мен Сүлейменова Заринаның дуэтіне, сонымен қатар «Көрермен көзайымы» сыйлығы Ұлытау ауданынан келген Қайырбек Мерейге бұйырды.
«Шоу-бағдарламаларды жүргізушілер» номинациясы бойынша бірінші орын Балқаш қаласынан келген Құрманбеков Жарқынға және «Розовый фламинго» мерекелер агенствосының қызметкері Козлова Надеждаға, екінші орын Жезқазғандық Кенжебеков Арманға және Балқаш қаласынан келген Қабетов Азаматқа бұйырса, үшінші орын иегерлері болып Қаражал қаласынан келген Бижаксин Сырым және Бұқар жырау ауданының қатысушысы Сыдық Аягөз танылды.
Барлық сайысқа қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.