26 желтоқсан күні «Олимпия» мейрамханасында жыл сайынғы «Жаңа жылдық ЭКСПО алауы» атты ҚР Президенті атынан Қарағанды облысы әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Іс-шараға облыстың қалалары мен аудандарынан келген көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалдған, мүмкіндігі шектеулі балдырғандар, сонымен бірге оқуда озат, байқаулар мен жарыстарда топ жарған жеткіншектер қатысты.
Биылғы жаңа жылдық қойылымы балаларға ерекше ұнады. Балалар қойылымның басты кейіпкерлері Уақыт Сақтаушы, кішкентай фиксиктер Симка мен Ноликпен сиқырлы саяхатқа шықты. Ертегі кейіпкерлер мен балалар саяхаттап жүріп, ЭКСПО көрмесіне баруға көмектескен кейіпкерлер Тыңшы құлақ, Желаяқты, капитан Джек Воробей теңіз қарақшысын, робот Оптимус Прайм, және «Холодное сердце» мультфильмінің ең сүйкімді аққаласы Оловпен кездесті. ЭКСПО-ға барар алдында балалар Аяз Ата мен Ақшақарды шақырды. Ал олар облыс әкімі Н.Қ.Әбдібековты балаларды мерекемен құттықтау үшін шақырды. Кейіпкерлер балалармен бірге жаңа жылдық әндер орындап, Сиқырлы Білім Құсын және ЭКСПОменді кездестірді. Ал олар ЭКСПО көрмесі туралы толығырақ айтып берді. Шырша шамын жағу мәртебесін Аяз Ата аймағымыздың басшысына ұсынып, «В лесу родилась елочка» әнімен шыршаны айнала жүрді. Бірнеше сәттен кейін мереке Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауымен жалғасты. Нұрмұхамбет Әбдібеков Мемлекет басшысының сөздеріне қосылып, балаларға бақытты балалық шақ тіледі. Шара шеңберінде облыс әкімі әр балаға Мемлекет басшысы атынан сыйлықтар табыстады. Балалар кітаптар мен электронды планшеттерге, 15 мың теңгенің сертификаттарына, спорттық сөмкелерге, тәтті сыйлықтарға ие болды.