18 наурыз күні Қарағанды қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Төрлет, әз – Наурыз» атты қайырымдылық концерті өтті. Іс-шараны «Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды.
Қайырымдылық концертке ҚР еңбек сіңірген артисі Полатхан Ташимов, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі әншісі Құрмаш Ыбышев, сондай-ақ орталықтың «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблі мен концерттік бірлестіктің көркемөнерпаздар ұжымы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Шара барысында ұлттық әндер шырқалып, әсем билер орындалып, жиналған қауымға жүрекжарды құттықтаулар айтылды. Сонымен қатар, Наурыз мейрамының берекесі мен қуанышын айшықтайтын «Шашу» дәстүрі орындалып, көрермендерге ақ ниетпен тәттілер таратылды.
Көрермендер көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, мерекелік кештен ерекше әсер алды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Наурыз мейрамының рухани құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ орталықта қызмет алушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.