22 наурыз күні «Тәуелсіздік» алаңында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын атап өту мерекесі өтті.
Мереке С.Сейфуллин атындағы қазақ дарама театрының әртістері, К.Станиславский атындағы орыс драма театрының әртістері, Академиялық музыкалық комедия театрының балет әртістері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» фольклорлық хореографиялық ансамблі, «Арқа сазы» қазақ ұлттық аспаптар және вокалды ансамблдерінің, сонымен қатар «Волшебная страна», «Қуаныш», «Аяла», «Нұрби», «Джиронимо» хореографиялық ансамблдерінің қатысуымен «Мәңгілік ел» атты театрландырылған қойылымымен басталды.
Сахна үлкен мерекелік жайлауға ұласып, қазақ халқының қонақжайлылық белгісі ретінде үлкен «Тай қазан» орнатылды.
Мерекенің бастауы ретінде кернейшілердің әуені естіліп, сахна алаңда жиналған халықты қарсы алып, ұлттық костюм киіп шыққан актерлармен толды. Музыка әуенімен алаңға қыс пен көктемнің ауысу белгісі ретінде түрлі-түсті костюм киіп шыққан хореографиялық ансамбльдер жүгіріп шығады.
Көктемнің шығуын академиялық музыкалық комедия театрының актерлері орындады. Жеке орындаушыларды 120 адамнан құрылған қызыл, сары, жасыл, көк костюмдегі фондық тобы көркемдеп, іс-шараға сәндік сыйлады.
С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры актерларының орындауымен «Тұсау кесу», «Бесікке салу», «Аластау», «Шашу» салт-дәстүрлері мен ырымдары көрсетілді.
Осынау салтанатты күнде қала тұрғындарын және қонақтарын Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құттықтады.
Мереке әрі қарай Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік вокалды ансамбльдерінің, Академиялық музыкалық комедия театрының жеке орындаушыларының, Қарағанды қаласы мен кеншілер мәдениет Сарайының көркемөнерпаздар ұжымдарының концерттерімен ұласты.
Мерекенің жалғасы жалпы қыдырулармен, киіз үйлердегі дәмді дастарханмен, түрлі ойындар мен жарыстармен ұштасты.