Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы Абай облысында 10 күн тойланды

Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, халыққа жол нұсқаған ағартушысы. Ол өз дәуірінде ғана емес, ғасырлар бойы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Абайдың шығармалары – терең ойдың, асқақ сезімнің, әділет пен адамгершіліктің айнасы. Ол поэзияны ел бірлігіне, білім мен ғылымға, мәдениет пен өркениетке қызмет еткізіп, қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді.

Ақынның әр өлеңі мен қара сөзі – өмірлік даналықтың, рухани жаңғырудың кілті. Абай мұрасы тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін баға жетпес қазына. Сондықтан да, бабамыздың 180 жылдық мерейтойы – өткенімізді дәріптеп, болашаққа жол көрсететін ұлы рухани мереке.

Міне, осы атаулы мереке республикалық дәрежеде ұлы ақынның кіндік қаны тамған Абай облысында 10 күн бойы дүркіреп өтті.

1-10 тамыз аралығында 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба қамтылды.

1-тамыз Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті. «Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды.

Қаладағы Бейбітшілік аралында оннан астам киіз үй тігілген этноауыл қала тұрғындары мен қонақтарын қарсы алды. 10 тамызға дейін бұл жерде қазақ күресі, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойындармен қатар, каратэ, таэквондо, қол күресі сынды заманауи спорт түрлерінен де ашық чемпионаттар ұйымдастырылды.

2-тамыз Семей қаласында Түркістан облысының мәдени күндері өз жалауын көтерді. Екі күнге созылған шара барысында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, дарынды әншілер әуезді әуендерімен көрерменді тәнті етті. Мәдени күндер аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Түркістан өңірінен 540 тоннадан астам, шамамен 40 түрлі өнім әкелінді.  Кешкі уақытта «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Бұл көлемі жағынан ел тарихында теңдесі жоқ дода болды: 10 өңірден жиналған 180 команда, яғни 1080 қатысушы бақ сынады. Бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына ұлттық рекорд ретінде енгізілуге ұсынылмақ.

Жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңгені құрады. Бірінші орынға Астанадан келген «Brainstorm» командасы ие болып, 1 миллион теңге ұтып алды. Екінші орынды Алматы қаласының «Алматы Микс» тобы иеленсе, үшінші орын Семейдің «Тұрақсыз тіркестер» командасына бұйырды.

3-тамыз «Абай мұрасы — халық даналығы» атты әдеби кеште жыр жауһарлары төгіліп, көрермен рухани шабытқа бөленді. Шарада Абайдың мәңгілік әндері шырқалып, өлеңдері әсерлі мәнермен оқылды. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғандықтан, еңбек майталмандары да сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетіп, ұлы ақын шығармашылығын терең меңгергендерін дәлелдеді.

Кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары Абай атындағы театрға жиналып, «Абай әлемі» атты ұлттық рухани кештен ерекше әсер алды.

4-тамыз Бұл күннің шымылдығы күштік экстримнен өткен «Семей батыры» атты ашық турнирмен түрілді. Ертіс өзенінің жағасында жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттер күш пен ептілікте өзара бақ сынасты.

Қатысушылар 70 келілік ауыр қапты көтеріп алып жүру, 32 келілік гір тасын жұлқа көтеру, 50 келілік бөренемен отырып-тұру, сондай-ақ алып дөңгелекті аудару сияқты сындардан өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сайыстан кейін Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің «Абай жолы» атты концерті өтті. Хакімнің өзі айтқандай, әуезді ән мен тәтті күй «құлақтан кіріп, бойды алды».

5-тамыз Спорт сүйер қауым асыға күткен күн де келіп жетті. Бұл күні қазақ күресінен республикалық чемпионаттың ашылу рәсімі өтті. Ал өнер жанкүйерлері үшін Шахмардан Әбіловтің «Ой толғау — хакім Абай» атты монооперасы сахналанды.

Сонымен қатар, халықаралық сән көрсетілімі ұйымдастырылып, онда қазақтың ұлттық киімдері заманауи үлгіде жаңаша сипатта ұсынылды. Киімдер ұлттық ою-өрнектермен безендіріліп, көрермендер назарына үш бөлім бойынша көрсетілді: «Абай — шабыт көзі», «Қазақи стиль заманауи үлгіде» және «Мұра — болашаққа жол». Бұл іс-шара сән өнерін де Абай мұрасын насихаттау жолында тиімді пайдалануға болатынын көрсетті.

6-тамыз Семей тарихында ерекше орын алары анық. Дәл осы күні қалада зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған заманауи кітапхана есігін айқара ашты. Жылына 15 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсететін бұл инклюзивті орталық — «Самұрық-Қазына» қорының Абайдың 180 жылдығына орай өңір халқына жасаған маңызды сыйы болды.

7-тамыз әдебиет әлемінде екі бірдей маңызды еңбектің тұсаукесері өтті. Олардың бірі — халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясы, екіншісі — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабы оқырмандарға жол тартты.

8-тамыз мерейтойдың шарықтау шегі айтыс өнерін сағынған жұрт үшін айтулы оқиғаға айналған «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы болды. Аламан айтысқа елге танымал сөз өнерінің майталмандары қатысты. Сол себепті, Абай атындағы театрға ағылған халықтың қарасы қалың болды.

Бұл дүбірлі додада еліміздің әр аймағынан келген сөз зергерлері суырып салма өнер арқылы Абай мұрасына, ұлттық рух пен ұрпақ сабақтастығына қатысты терең ой толғады.

Сахна төрінде 12 ақын сөз сайысына түсті. Олардың қатарында Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев және Мейірбек Сұлтанхан сынды алты бірдей «Алтын домбыра» иегері бар. Сондай-ақ, Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы және Өміржан Көпбосынов та айтыс додасына қатысып, өнер көрсетті. Айтысты белгілі ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде иегері – жерлесіміз Қарағандылық Мақсат Ақанов танылып, темір тұлпар иесі атанды.

9-тамыз Семей қаласының орталық алаңында «Абайға тарту» атты концерт өтті. Концерттік бағдарламаға Қарағанды облысының атынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, «Тарланс» этно-тобы, «Арай» дуэті өнер көрсетті.

Сонымен қатар 8-9 тамыз аралығы Қарауыл төбесінде халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын насихаттайтын «Жеті қазына» республикалық мәдениет, спорт және туризм фестивалі басталды. Байқау: «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы» мен «Берен мылтық» сияқты сайыстардан құралды. Бұл дода 10 күндіктің ең ауқымды жобасы болғаны анық. Ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын ұмыттырмай, спорт пен мәдениетті ұштастыра білген сайыс әр өңірден келген кіл жүйріктерді тоғыстырды.

10-тамыз, Абай Құнанбайұылының туған күнінде Қарауыл төріндегі дүбірлі тойдың қорытынды кеші өткізілді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің және де шет елден келген арнайы делегациялардың қатысуымен  ұлы ақын кесенесіне зиярат етіп, «Бала Абайдан дана Абайға» атты театрландырылған қойылымы сахналандырып, соңы Гала-концертке ұласты.

Абайдың 180 жылдық мерейтойы – өткен тарихымызды дәріптеп, келер күнге жол сілтеген ұлы рухани оқиға болды. Он күн бойы ел төрінде өнер мен ғылым, тарих пен бүгінгі өмір тоғысып, халықтың рухани әлемі байып, жаңғыра түсті. Хакімнің «Толық адам» ілімі мен асыл мұралары тек сахнада ғана емес, сан мың жүректе қайта түлеп, жаңа мағынаға ие болды.

Бұл мереке Абай елінде сән-салтанатпен өтіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа мирас болар ізгі бастамалардың қайнар көзіне айналды.

Iс-шаралар

Меню