«Зерде» кешені – ауылдарға ұлттық өнердің шуағын жеткізді

Облыстық мәдениет пен өнерді дамыту орталығы 2026 жылдың 28-30 қыркүйек аралығында «Зерде» ақпараттық жылжымалы мәдени-сауық кешені Шет ауданында шығармашылық сапарымен жүріп өтті. Шығармашылық ұжым ауданның 13 елді мекенін үш күнде аралап, тұрғындарға «Елге шашу» атты концерттік бағдарламасын тарту етті.

28 қыркүйек күні шығармашылық ұжым Пикет, Красная Поляна, Дария және Ақой ауылдарында өнер көрсетті.
29 қыркүйекте Бұрма, Мұхтар, Еркіндік және С. Сейфуллин ауылдарының тұрғындарына концерттік бағдарлама тарту етті.
Ал 30 қыркуйек Үңірек, Ақсу, Шопа, Нұраталды және Талды ауылдарында өнер көрсетті.

Шығармашылық сапар барысында өнерпаздар ауыл тұрғындарының ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді. Концерттік бағдарламада дәстүрлі әндер, эстрадалық шығармалар және аспаптық туындылар орындалып, ауыл жұртшылығына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ұлттық өнер кеңінен насихатталып, тұрғындардың мәдени-рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған мазмұнды концерттер ұйымдастырылды.

Өнерпаздардың әр ауылдағы өнер көрсетуі көрермендер тарапынан үлкен қызығушылықпен қабылданып, тұрғындар өздерінің ризашылықтарын білдірді. Ауыл әкімдері мен тұрғындар атынан шығармашылық ұжымға алғыс хаттар табысталып, өнерпаздарға ізгі тілектер айтылды.

«Зерде» кешенінің Шет ауданындағы шығармашылық сапары – ауылдық жерлердегі мәдени өмірді жандандыруға, ұлттық өнерді дәріптеуге және кәсіби өнерді шалғай елді мекен тұрғындарына жақындатуға бағытталған маңызды мәдени жобалардың бірі.

Осындай шығармашылық кездесулер ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, өнерпаздар мен көрермен арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретіні рас.

Алдағы уақытта «Зерде» ақпараттық жылжымалы мәдени-сауық кешенінің шығармашылық сапары облыстың өзге де аудандарында жалғасын табады. Өнер ұжымы шалғай елді мекендердің тұрғындарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, ұлттық өнерді насихаттау, мәдени құндылықтарды дәріптеу және ауылдағы мәдени ортаны дамыту бағытындағы жұмыстарын одан әрі жалғастырады.

Последние мероприятия

Меню