«Қазақтың келіндері-ай!» байқауы

С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының   ғимаратында, 21 қазан сағ. 15.00 – де , «Қазақтың келіндері-ай!» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына және Қарағанды облысының 80-жылдығына арналған аймақтық келіндер байқауы өтті.

Байқау Облыс әкімі жанындағы отбасы, әйелдер және демография мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия мен «НұрОтан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қазақстан – Қарағанды телеарнасы және «Нұр-Әсем» сән үйімен ұйымдастырылды.

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік  тілге құрмет көрсету, халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау. Сөйтіп, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ибалылық, сымбаттылық, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу.

Қазылар алқасы құрамына — Зейнеп Ахмет қызы – жазушы, Бауржан Момышұлының келіні, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, Парасат орденінің иегері, мәдениет қайраткері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы — Омарбекова Рымбала Кенжебалақызы, Нұр Отан партиясы Қарағанды облыстық филилиалының төрайымы — Оспанова Қадиша Базарбаевна, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының директоры — Бекболатов Сансызбай Нұрсияұлы, «Қазақстан Қарағанды» телеарнасынын бас редакторы —  Сағат Батырханқызы, Облыс әкімі жанындағы отбасы, әйелдер және демография мәселелері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы — Қорлан Советқызы, «Нұр Әсем» сән үйінін директоры — Исина Венера Абдуғалиевна, Республикалық этно-форум төрайымының орынбасары – Ағаділова Майя Нұрғаділқызы, «Delux» журналының бас редакторы – Әлия Садырбайқызы енгізілді.

Байқауға Қарағанды облысының аймақтарынан 10 келін қатысты. Іс шара 5 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімі — «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын». Үміткерлер өрнекті сөз, көрікті оймен өздерін таныстырды.

Келіндердің сөз саптауы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ибасы мен инабаты, киген киімі бәрі де сынға түсті.

Екінші бөлім — «Жақсы әйел-үй дәулеті», бұл бөлімде қатысушыларымыздың қолөнері және ас мәзірі сынға түсті. Келіндердің ісмерлігі мен қолөнері, ас әзірлеу шеберлігі, тағам тарту, ұқсата білу ұқыптылығын көрсету басты мақсат болып табылады. Үйден дайындап алып келген тағамдары ұсынылады.

Үшінші бөлім — «Балалы үй — базар», бала тәрбиесі туралы: Үлкенге құрмет, кішіге ізет баланың бойына қайдан дариды? Ұлттық тәрбие, бесік жырын білетін келіндер бар ма? Болса олар қандай бесік жырын біледі? Бесік жырын айтып беру керек.

Төртінші бөлім — «Әйел-үйдің қазығы», бұл сайыс сұрақ-жауап ретінде өтеді. Отбасылық құндылықтарға сай салт-дәстүр, келіннің өмірлік жарының туған туыстарын қалай атайды, ат қою рәсімі, басқа да тұрмыстық салты, жөн-жоралғыны қаншалықты білетіні, әдет-ғұрыпқа байланысты біліктіліктері, ата-енесін сыйлау, құрметтеуге қатысты инабаттылығы, «барған жерін бақытты ететін» келіннің түсінік-танымы сынға түсті.

Бесінші бөлім — «Келін көркі-өнер» — бұл бөлімде байқауға қатысушылардың шығармашылық қабілеті, ән салып, би билеу, суырып салу тапқырлығы, көркемсөз оқу шеберлігі сынға түсті.

Қазылар алқасы қортындысы бойынша:

  • Гран При — Әбдікәрімова Арайлым Шахтинск қаласы,
  • 1 орын Ктанова Мөлдір, Қарқаралы ауданы,
  • 2 орын Әбілқасова Райхан Котон Қарағай ауданы,
  • 3 орын Адамбай Гүлзат Қарағанды қаласы
  • «Көрермен көзайымы» номинациясы — Есеева Дана Жезқазған қаласы,
  • «Көрікті келін» номинациясы — Жұмағұлова Динара Абай ауданы,
  • «Өнерлі келін» номинациясы — Құдусия Айгүл Бұқаржырау ауданы,
  • «Мейірімді келін» номинациясы — Мұнасыпова Фатима Қарағанды қаласы,
  • «Келісті келін» номинациясы — Мұхаметбекова Алтынай Ақтоғай ауданы,
  • «Е-Караганда келіні» — Көпбаева Гүлжанат Қарағанды қаласы.

Барлық қатысушыларға Еуропалық косметика және франция әтірлері «Rose» бөлімі арнайы сыйлықтарды ұсынды.

Ахметова Зейнеп апайдың атынан аруларға «Шуақты күндер» атты авторлық  кітабы табысталды.

Сонымен қатар Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық  ансамблі, Республикалық конкурстарының лауреаты Ержан Базарбеков, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, ҚР «Мәдениет  қайраткері» Меруеш Башай, «Voise» тобы және Дана Макшоновалардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.

Последние мероприятия

Меню