Қайраткері Жұмабек Ташеневтің атындағы «Жылдың үздік ақыны» атты ақындар айтысы мен жыр мүшайрасы өтті

2019 жылдың желтоқсан айының 25 жұлдызында Қарағанды қаласының Достық үйінде Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ташеневтің атындағы «Жылдың үздік ақыны» атты ақындар айтысы мен жыр мүшайрасы өтті.

Айта кетсек бұл облысымызда тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Осы жылға дейін «Жылдың ең үздік ақыны» номинациясын жеңіп алған жас ақындарымыздың кітабы жарық көрген болатын. Өткен жылы Ерік Нарын мен Жоламан Әйткен жылдың ең үздік ақынын жеңіп алып қыранның қос қанатындай екі кітап жарық көрген еді. Ал биылғы жылы мүшайраға Бек Ноғайбайұлы, Жасқанат Жұман, Салтанат Қайырбек, Кәмшат Хасен, Ақерке Әбдікәрімова сынды ақындар қатысып, «Жылдың ең үздік ақыны» Кәмшат Хасен болып анықталды. Сонымен қатар ақындар айтысында өткен жылы Баянауылдың топырағын түлеп ұшқан Нұрсұлтан Рымбаев жылдың ең үздік айтыскер ақыны атанса, осы жылғы ақындар айтысына Бұқар Жырау ауданынан Ботбай Доскей, Қарағанды қаласынан Төрехан Совет, Теміртау қаласынан Еркеғали Бекболат, Ақтоғай ауданынан Әлихан Сейфулла, Теміртау қаласынан Әлихан Ерғалиев, Жаңаарқа ауданынан Сырым Бейсенбеков, Шахтинск қаласынан Нұрмұхаммед Байсүгіров, Қарқаралы ауданынан Бекарыс Оспанов сынды айтыскерлер қатысып, 3-орынға Байсүгіров Нұрмұхаммед пен Бекарыс Оспанов ілікті, 2-орынды Төрехан Совет қанжығасына байлады, ал жылдың ең үздік айтыскері болып Теміртау қаласынан келген Еркеғали Бекболат анықталды.

Бұл сайысты ұйымдастырушылар «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Қарағанды облысы филиалы, Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Айтулы кештің құрметті қонақтары болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, ф.ғ.д профессор айтыскер ақын Қойлыбай Асанов, Жансая Жарылғапов, Ерлан Құсайын, Тлеген Әділов, Ерсін Мұсабеков, Дидар Қами болды.

Последние мероприятия

Меню