31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр күні Қарағанды облысы Спасск мемориалдық кешенінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті. Шараға облыс әкімі Ерлан Қошанов, Иран, Чехия, Венгрия, Румыния, Финляндияның дипломатиялық миссия басшылары, сондай-ақ Украина елшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты.

Ерлан Қошанов: «Біз мұнда жазықсыз сотталған және туған жерінен қуылған азаматтарды еске алу үшін жиналдық. Бұл күн – еліміздің тарихындағы ең жаман беттер туралы жалпы еске алу. Қуғын-сүргін кезеңі тек қана жеке тұлғалардың ғана емес, сонымен қатар жалпы халықтың тағдырын сындырды»,-деп атап өтті. Ол Мемлекет басшысының тоталитарлық жүйеге тап болған және жазықсыз сотталған миллиондаған адам туралы естелік — тәуелсіз Қазақстан азаматтары үшін әрқашан қасиетті болады деген сөзін еске салды.

Митингте қуғын-сүргін құрбанының ұлы Борис Макаров сөз сөйледі. Ол өз отбасының тарихын баяндап, өз туған жерлерінен қуылған азаматарға қазақ жерінен екінші отан берген, оларға қиындықтарды жеңуге көмектескен қазақтарға алғысын айтты.

Жалпы еске алу шарасынан кейін мұсылман, православ және католик дін басыларының қатысуымен жаңа екі: қуғын-сүргін құрбандары – ирандықтар мен чехтарға ескерткіш белгілер ашылды.

Іс-шарада Иран елінің Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу мен Чехия елінің Төтенше және Өкілетті елшісі Элишка Жигова саяси қуғын-сүргін құрбандары мен қатаң режим тарапынан зардап шеккен азаматтарды еске алып, Қазақстан Президенті мен Қазақстан халқына алғысын білдірді.